Контрастты ауыстыру
Нашар көретіндерге арналған нұсқа Әдеттегі нұсқа

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының байланыс орталығы:

1460

(Қазақстан бойынша ұялы және қалалық телефондардан тегін)

Жарияланымдар мен баспасөз релиздері
Барлығы депозиттерді кепілдендіру жайлы
Видеоны көру 20 секунд
info@kdif.kz
Жедел байланыс: 1460
Қабылдау бөлмесі: 8(727)3122449

Алматыда қаржылық сауаттылық мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті


2019 жылғы 25–28 ақпан аралығында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) Депозиттерді сақтандыру жүйелерінің халықаралық қауымдастығымен (IADI) бірлесіп, Қазақстан Ұлттық банкінің қолдауымен Алматыда бірқатар халықаралық шаралар ұйымдастырды.

  • 25–26 ақпанда тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау, Ислам банктеріндегі депозиттерге кепілдік беру, қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, әдіснаманы әзірлеу, зерттеулер жүргізу, тәуекел деңгейі бойынша депозиттерге кепілдік беру жүйесіне жарналар жүйесін дамыту мәселелері бойынша IADI комитеттерінің, сондай-ақ үш өңірлік комитеттердің отырыстары өтті.
  • 27 ақпанда IADI жоғары басқару органы – Атқарушы кеңестің 57-ші жиналысы өтті, онда IADI зерттеу және әдіснамалық құжаттарының жобалары қарастырылды және Қауымдастық жұмысының ағымдағы және стратегиялық мәселелері бойынша шешімдер қабылданды.
  • 28 ақпанда «Депозиттер бойынша кепілдік және қоғам: коммуникация, қаржылық сауаттылық, айқындық» атты халықаралық конференция өтті. Сол күні бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өтті.

Халықаралық конференцияға әлемнің 40 елінен 140 қатысушы қатысты. Коммуникация және қаржылық сауаттылықты арттыру саласындағы тәжірибе мен жұмыстар туралы жеті сессия барысында АҚШ, Жапония, Индонезия, Канада, Кения, Колумбия, Оңтүстік Корея, Польша, Ресей, Түркия, Украина, Ұлыбритания, және Филиппин елдерінің бірінші басшылары мен жетекші сарапшылары айтып берді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) және Халықаралық есеп айырысу банкі жанындағы Қаржылық тұрақтылық институтының (BIS) өкілдері депозиттерге кепілдік беру қорлары қызметінің айқындығы (ашықтығы) стандарттары туралы баяндамалар жасады, Қаржылық қол жетімділікке арналған альянс өкілі (AFI) – қаржылық қызметтерді тарату үшін қаржылық сауаттылықты арттыру қажеттілігі туралы баяндама жасады. Қазақстандағы қаржы нарығын тұрақтандыру және қаржылық сауаттылық жөніндегі шаралар бойынша: Қазақстан Ұлттық банкінің атынан Төраға орынбасары Құрманов Жанат Бостанұлы, Қаржылық тұрақтылық департаментінің директоры Хакимжанов Сабит Темирханович және Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бас маманы Дмиртий Акмаев сөз сөйледі, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының атынан Банк секторын дамыту орталығы директорының орынбасары Руслан Ушурбакиев сөз сөйледі.

Азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру – табысты халықаралық тәжірибе призмасы арқылы жан-жақты зерттеуді талап ететін стратегиялық міндет. Болашақта қаржылық сауаттылықтың жеткілікті деңгейіне қол жеткізу бәсекеге қабілетті Қаржы нарығын дамытуға, қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға және азаматтарды заңнамалық қорғауды жақсартуға ықпал етеді.

Сондай-ақ халықаралық сарапшылар да тиімді коммуникация және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру саласында тәжірибе мен идеялар алмасуға ұмтылады. Өткен халықаралық конференция және тәжірибе мен пікір алмасу ашық және кең талқылауға, қаржылық сауаттылық стратегиясын және қаржылық мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға серпін береді.

Қазақстан мен ҚДКБҚ депозиттерді сақтандыру саласындағы IADI халықаралық стандарттарын іске асыруға ұмтылады және IADI үздік тәжірибе мен стандарттарына сүйене отырып, бәсекеге қабілетті Қаржы нарығын дамытуға ықпал ету және азаматтарды заңнамалық қорғауды күшейту міндетін алға қояды. Азаматтармен неғұрлым тиімді қарым-қатынас қажеттілігін, ашықтықты және азаматтарды қаржылық сауаттылыққа оқыту саласындағы қажетті жұмысты арттыруды ескере отырып, Қазақстанда осындай іс-шараларды өткізу баспасөздің, жұртшылық пен азаматтардың қажетті назарын аударуға мүмкіндік береді. Конференция шеңберінде тәжірибе алмасу осы мәселе бойынша неғұрлым тиімді және табысты әдістерді зерделеуге және қолдануға және одан әрі іс-қимылдарды айқындауға мүмкіндік береді.

IADI алаңында депозиттерге кепілдік беру саласындағы орасан зор сараптамалық білім, тәжірибе және талдамалық зерттеулер шоғырланған. IADI-ге 110 ел мен ұйым, оның ішінде 86 депозит сақтандырушысы, 10 орталық банк және кейбір елдердің мемлекеттік органдары, және 14 серіктес – соның ішінде Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Еуропалық қайта құру және даму банкі және Қаржылық қолжетімділікке арналған альянс қатысады. IADI стандарттарын әзірлеуге Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитеті (BCBS) тікелей қатысады. Қауымдастыққа қатысу депозиттерге кепілдік беру жүйесін дамытатын елдер үшін айқын артықшылықтар береді: жинақталған білімге қол жеткізу, депозиттерге кепілдік беру жүйесінің тиімділігінің тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізу тәжірибесі мен мүмкіндіктері.

27 ақпанда ҚДКБҚ–IADI халықаралық іс-шаралары шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) елдерінің: Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы депозиттерге кепілдік беру қорлары арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандум депозиттерге кепілдік беру жүйесін дамыту үшін бағдар бола алатын тәжірибе алмасуды, стандарттар мен үздік тәжірибені анықтауды, ЕЭО елдерінде қаржы ұйымдарын тарқату, сауықтыру және банкроттық мәселелері бойынша жалпы ұстаным мен ұсыныстарды әзірлеуді қарастырады.

Болашақта Меморандум тараптары кәсіби мәселелерде тәжірибе және ақпарат алмасудың тиімді жүйесін құруды, ЕЭО-ға қатысушы әрбір мемлекеттің заңнамасын жеке-жеке жетілдіруді, сондай-ақ депозиттерге кепілдік беру мәселелерін реттейтін ЕЭО-ның нормативтік-құқықтық базасын жетілдіруді жоспарлап отыр. Меморандумға қол қою қорытындысы бойынша депозиттерге кепілдік беру қоры басшыларының Кеңесі және бірлескен жұмыс тобы құрылады, оның жұмысына қатысушы елдерден сарапшылар жұмылдырылатын болады.

Халықаралық конференцияның материалдары мен баяндамаларын ҚДКБҚ www.kdif.kz веб-сайтынан қарауға болады www.kdif.kz ескерту.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) – Екінші деңгейдегі банктер салымшыларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін 1999 жылы құрылған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұйымы.

Депозиттерді сақтандыру жүйелерінің халықаралық қауымдастығы (International Association of Deposit Insurance, IADI) – депозиттерді сақтандырудың 110 ұйымын, орталық банктерді және халықаралық қаржы ұйымдарын біріктіретін қауымдастық. Қауымдастық бүкіл әлем бойынша қаржылық тұрақтылықты нығайту үшін қатысушылар арасында тәжірибе алмасу алаңын ұсынады. IADI 2002 жылдың мамыр айында құрылды және Базельдегі (Швейцария) Халықаралық есеп айырысу Банкінің жанында негізделеді.

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) – 2014 жылғы 29 мамырда халықаралық шартпен бекітілген өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы. ЕЭО-да тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы, сондай-ақ экономиканың барлық салаларында келісілген бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда ЕЭО-ға Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы кіреді.

Біз Cізге қоңырау шаламыз
Рахмет, жолданды!
Біздің маман жуық арада
Сізбен хабарласады!